2017 жылғы 21 сәуірде Алматыда Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығы басқармаларының кеңейтілген құрамдағы отырысы болып өтті.
Отырыс Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаӊғыру" атты бағдарламалық мақаласын талқылау және оны түсіндіру жұмыстарына арналды.
Жоғары оқу орындары қауымдастығы басқармаларының кеңейтілген құрамдағы отырысына Қазақстан Республикасының 22 жоғары оқу орнынан 37 адам, соның ішінде 4 өңірлік жоғары оқу орнының өкілдері қатысты.
Отырысты Қауымдастық президенті, профессор Рахман Алшанов ашты.
Қауымдастық президенті өз сөзінде Мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаӊғыру" атты бағдарламалық мақаласы еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, саяси реформа мен экономикалық жаңғыруға бет алған қазіргі сәтте дәл уақытын тапқанын атап өтті. Дүниежүзіндегі саяси ахуал өзгеріп бара жатқан тұста саяси және экономикалық жаңғырудың өзегі болып табылатын сананың бірінші кезекте жаңғыруы заман талабы.
«Сирияда, Ливияда, Иракта не болып жатқанын баршаларыңыз біліп отырсыздар. Осындай төңкерістерді жасау кезегі Орталық Азияға келгені жөнінде айтылып жүр. Олай болса, студент жастармен жұмысты күшейту абзал. Осында, жанымызда жүрген студенттерге біз неге сөзімізді өткізе алмаймыз, ал шалғайдан, телефон немесе интернет арқылы уағыз таратушылардың сөзі неге тез жүріп, жастардың санасын жылдам улап үлгереді? Жоғары білім ошақтары осы сұрақтың төңірегінде ойланғаны жөн секілді»,- деді Р.Алшанов.
Жатақханалардағы студенттердің жағдайы, олардың бір-бірінен ақша бопсалау оқиғалары, жастардың арасында білікті мамандардың аздығы, сенім артылған жас мамандардың үміт үдесінен шыға алмауы, олардың өз отанындағы тарихи және киелі орындарды білмейтіндігі секілді студенттерге білім мен тәрбие берудегі өзекті мәселелерге тоқталған Қауымдастық төрағасы бұдан кейін латын әліпбиіне көшудің маңызы, алға басу үшін ұлттыӊ дамуына кедергі болатын өткенніӊ кертартпа тұстарынан бас тарту, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыруға жауапкершілікпен қарау секілді мақаланың басқа да өзекті тұстарына назар аудартты.
Бұдан кейін Қауымдастықтың өткен кезеңде атқарған жұмыстарын атап өткен қауымдастық төрағасы отырысқа қатысушылардан аталған жобалар бойынша өз ұсыныс-пікірлерін білдіруді сұрады.
«Қазіргі күні Қазақстанның Білім және ғылым министрлігімен пікір алмасу оңайлай түсті. Заң жобаларындағы олқы тұстарға қатысты пікір алмасу үшін парламент мәжілісіне шақырту алып отырмыз. Сіздердің пікір, ұсыныстарыңызды жеткізіп, ойға алған жобаларыңызды жүзеге асыруға атсалысуға әзірміз»,- деді Қауымдастық президенті.
Елбасы мақаласында айтылған "Жаӊа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаӊа оқулық" жобасын ерекше атап өткен Р.Алшанов Қауымдастықтың кейінгі жылдары мемлекеттік тапсырыс бойынша көптеген оқулықтарды ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударып басу тәжірибесін жинақтағанын, білікті аудармашылар тобы жасақталғанын атап өтті. Ол кеңейтілген отырысқа қатысушылардан келешекте басып шығарылатын маңызды оқулықтарға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салуды өтінді.
Қауымдастықтың баспа орталығының директоры Арпабеков Сейтжапар Арпабекұлының айтуынша, орталық осы уақытта 120 оқулық басып шығарған. Баспа орталығының директоры отырысқа қатысушыларға өзімен бірге ала келген замануи оқулықтарды, кейінгі жылы басылып шыққан төл аударма туындыларды таныстырды.
Бұдан кейін сөз алған Павлодар Мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Алтынбек Нұхұлының пікірінше, Елбасының мақаласы дер кезінде туған, бұл бағдар Елбасының ұлтына деген ыстық ықыласының, жастарға деген қамқорлығының айқын белгісі.
«Білім – қазіргі басты капитал десек, осы білім деген сөз құранда 787 рет келтірілген. Рухани жаңғырудың түп тамыры туған тілде. Ал туған тілдің қадір қасиетін көтеру үшін латын қарпіне көшудің стратегиялық пайдасы көп, өйткені 80 пайыз әлем халқы латын әліпбиін пайдаланады»,- деді ол. Осы орайда институт ректоры жуырда ғана білім ордасында болған министрлік комиссиясы Павлодар Мемлекеттік педагогикалық институтына Университет мәртебесін беруге толық негіз бар деп тапқаны жайлы қуанышты хабарды да жеткізді. Ректордың айтуынша, институт «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша республиканың оңтүстік өңірлерінен 442 студентті қабылдады. Демек, аталмыш бағдарлама бойынша биыл бітіретін 150 студент енді осы оқу ордасында магистратурада, одан әрі докторантурада қалу мүкіндігіне ие болмақ.
Мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаӊғыру" бағдарламалық мақаласының «Туған жер» және «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобаларының маңызын атап өте отырып, Алтынбек Нұхұлы, Павлодар облысының бір ғана Баянауыл ауылынан Қазақстанға танымал 20 академик, 10 генерал туып шыққанын, «Жақсының аты, ғалымның хаты қалатынын» айта келе, осыған байланысты кейінгі ұрпаққа деп жасалған дүние ретінде «Баянауыл мақтаныштары» атты магнитті альбомды қауымдастық президентіне сыйлады.
Назарбаев университетінің мәдени департаментінің директоры жоғары оқу орындарының күндерін өзара ұйымдастырудың маңызы жайлы ұсынысын ортаға салды. Бұл студенттердің бір-бірін танып білуіне ғана емес, сол арқылы өз елін, туған жерін тануға да септігін тигізетінін тілге тиек етті.
Ал Жоғары оқу орындары тәрбие беруге тиіс емес деген желеумен оларда тәрбие ісі жөніндегі бөлімдерді жабу туралы ұсыныстарды кейбір білім ошақтарында жүзеге асырып үлгергенін қынжыла айтқан тағы бір қатысушы мұндай пікірмен қосылмайтынын жеткізді.
Қыздар университетінің өкілі прагматизм ұғымын дұрыс түсінбеу жайына тоқталды.
«Прагматизм - өзіӊніӊ ұлттық және жеке байлығыӊды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыӊды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даӊғойлық пен кердеӊдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттіӊ белгісі - орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді»,- деген Елбасының пікірі толғандыруға тиіс деп атап өткен оқытушы, университетте осыған байланысты жүзеге асырылып жатқан тың тәжірибелерге тоқталды.
Осылайша, отырысқа қатысушылар мақаланың жан-жақты қырларын, оның тезистерін студенттерге кеңінен түсіндірудің маңыздылығы жайлы пікірге қосылып тарқасты.
Хаттама