Арулар ордасында Балалар күніне арналған мерекелік шара өтті

1 июня 2017

Бүгін Қыздар университетінде 1 маусым – Халықаралық балаларды     қорғау күніне орай дәстүрлі «Әрқашан күн сөнбесін!» атты қайырымдылық акция өтті. Бұл шара Педагогика және психология факультетінің ұйымдастыруымен  биыл жетінші  рет  өткізіліп отыр.

Қайырымдылық акцияны университет ректоры Динар Нөкетаева ашып, құттықтау лебізін білдірді.

– «Адамзат баласы  өміріндегі ең үлкен сый – бала. Өйткені, нәрестенің өмірге келуі арқылы ұрпақ жалғасып, бір шаңырақтың оты маздап, күллі халық өсіп-өніп, ұлт сабақтастығы қанатын кеңге жайған.

«Адамның бір қызығы бала деген,

Баласыз көңіл шіркін толар ма екен.

Дүбірлі той жасамай баласына,

Қазақтың жағасы жайлауына қонар ма екен», – деген ұлы Абай бабамыз. «Ұлды – соңымдағы ізім, артымдағы тұяғым, мұрагер азаматым десе, қызбаланы – екі елдің арасын жақындататын, жалғайтын алтын көпір, кең өріс» деп өте жоғары бағалап, қадірлеп-қастерлеген. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, ұлттың жарқын болашағы, кемел келешегі. Дүниежүзінің қай мемлекеті болсын, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, өзіндік қағидалар ұстанған. Қолдағы барын беріп, жақсылығын аямаған. Саналы, тәрбиелі, жан-жақты болып ержетуіне зор қамқорлық жасаған. Өйткені, кез келген халықтың елдігін, салтын, дәстүрін, ата-мекенін болашаққа апарып, өткен шақ пен болашақты жалғастырушы жас ұрпағы. Өмірдің жалғасы, отбасының жеміс берер гүлі, ата-ананың тіреу діңгегі ұл-қыздарымыз аман болсын! Езулерінен әрқашан күлкі кетпей, балғын балалық шағы бейбіт аспанның астында алаңсыз, уайымсыз өтіп, бақытты ғұмыр кешсін!», деді Д.Нөкетаева.

Шара барысында сонымен қатар, Педагогика және психология факультетінің деканы, педагогика  ғылымдарының докторы, профессор, Сайра Жиенбаева, білім ордасының Құрметті ұстазы, п.ғ.д., профессор Қазына Аймағанбетқызы сөз сөйлеп барша қауымды мерекемен құттықтады.

Биылғы акция бұрынғы шаралардан өзгерек болды. Қыздар университеті биыл республика бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен  тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жалпыхалықтық акцияға қолдау білдіріп, университет  жастарының  музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің Шеруін өткізді. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру жағдайында өскелең ұрпаққа салтанатты, фестивальды шеруі арқылы эстетикалық және патриоттық тәрбие беру мақсатында өткен шеруге оқу орынның ең үздік, ең белсенді, ең үлгілі, көшбасшы білімді жастары қатысты.

Арулар ордасы Бас ғимараты алаңында өткен шерудің бойымен республикалық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпаздары, Азия, Әлем жүлдегері, спорт шеберлері мен   университеттің Черлидерлер құрамасының қыздары, түрлі байқаулардың жеңімпаздары, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты  «Томирис» би ансамблінің бишілері, «Ұлар» фольклорлық ансамблінің өнерпаз жастары, студенттік хор ұжымы және университетіміздің белсенді жастары жүріп өтті. Университеттің символын алып жүріп жүру құрметіне халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Университет Аруы-2017» байқауының жеңімпазы, Өнер және мәдениет факультетінің 1 курс студенті Ақтоты Төлеуғазиева,  оқу орын штандартын  алып жүріп жүру құрметіне Жастар ісі жөніндегі комитеттің белсенді мүшесі, оқу озаты, педагогика және психология факультетінің студенттік деканы Жұлдыз Амантаева ие болса, университеттің эмблемасын  «Жасыл ел» еңбек жасағының көшбасшысы,  «Университет Аруы-2017» байқауының финалисті, Физика-математика факультетінің 2 курс студенті Айжан Төлбасы салтанатты түрде алып өтті.

Шара барысында Дефектология мамандығының 2-курс студенттері «Балалық шақ» атты флешмоб көрсетсе, республикалық конкурстардың лауреаты  Ләззат Ақмұрзаева, университеттің жас әншілері мен өнерпаз жастары Әсел Шүкірбек, Балжан Рысбек, Гүлназ Асылбек,  Мейіргүл Тазабекова, Ақнұр Маханбетияр ән мен биден шашу шашып, оқу орын қызметкерлерінің балалары мен арнайы шақырылған кішкентай қонақтарға қуанышты көңіл-күй мен шаттыққа толы  думанды күн сыйлады.  

 

«Қыздар университеті»

 медиа орталығы

Вернуться на уровень выше просмотров: 592