• Список вузов, которые внедрили

    «КАЗАХСТАНСКУЮ СТУДЕНЧЕСКУЮ

    ИДЕНТИФИКАЦИОННУЮ КАРТУ»

  • Список вузов, которые внедрили

    «КАЗАХСТАНСКУЮ УНИВЕРСАЛЬНУЮ

    КАРТУ СОТРУДНИКА УЧЕБНОГО ЗАВЕДЕНИЯ»

  • Визит делегации руководителей ВУЗов в КНР 23-28 мая 2014

  • Заседание правления 24.01.2014

  • Визит делегации ректоров вузов Казахстана в Германию 1-5 декабря 2013 года

  • Южно-Казахстанский университет
    имени Ауэзова

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕРЕКТІ КИНО ФЕСТИВАЛІ ТҰҢҒЫШ РЕТ ӨТКІЗІЛМЕК

25 декабря 2015

28 желтоқсан – Халықаралық кино күні. Деректі кино өнерінің көшбасшысы Ораз Әбішевтің 100 жылдық мерейтойына орай «Тұран» университеті Қазақстанда тұңғыш рет Халықаралық деректі кино фестивалін өткізбек.

 Осы бастаманың төңірегінде университет ректоры, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановпен сұхбаттасқан едік.

– «Сырт көз – сыншы» дейді. Сіздіңше, кино өнерінің қалыптасу үрдісі қандай бағытта дамып жатыр?
– Тұңғыш рет 1895 жылы 28 жел­тоқ­санда Париж қаласында ағайынды Люмьерлердің арнайы кино көр­сетілімі өткеніне биыл 120 жыл тол­ды. 1908 жылдың 15 қазанында Ре­сейде «Понизовая вольница» фильмі­нің көрсетілімі арқылы кино өнерінің тууы болып тарихта қалса, қазақ жерінде Әліби Жангелдиннің шетел аралаудағы ұзақ сапарынан кейін, Жа­пониядан әкелген кино­аппараты арқылы Торғай өңірінде фильмдер көрсетіп, жергілікті халық­тың сауатын ашуға ықпал жасаған алғашқы қадамына биыл 101 жыл өтті. Бүгінде 120 жылдық тарихы бар әлемдік кинематографтың жетіс­тіктері таңқаларлықтай.
Соңғы жылдары Қазақстанның кино­өндірісінде едәуір өрлеу нышандары бар. Халықтың киноға деген қызығу­шы­лығы жоғары. Бұл көрсеткішті мынандай нақты дерек­терден көруге болады. 2002 жылы  киноны 2,8 млн адам барып  тама­шаласа, 2014 жылы бұл көрсеткіш 12,8 млн-ға жеткен, оның ішінде Алматы қаласы бойынша 1,2 млн. 
Кинотеатрлар жүйесін дамыту да жолға қойылған. Оның саны – 96, соның ішінде Алматыда – 23, ауылдарда – 17. Елімізде 249 кинозал бар, оның ішінде Алматы­дағысы – 96. 2014 жылдың кино көру қоры­тындысы бойынша 12,8 млн адамның  6,8 млн-ы – АҚШ фильмдерін көруге, 1,6 млн-ы – Ресей, 1,06 млн-ы – Қазақстан, 288,5 мыңы – Франция, 88,9 мыңы Ұлыбритания кино­өнімдерін көруге бар­ған. Бұл көрсет­кіш – қазақ киносы үшін үлкен же­тістік. 2002 жылдары көрсеткіш нөл­дің деңгейінде еді. Қысқа мер­зімнің ішінде және қатаң бәсекелестік жағдайында 10% деңгейіне көтерілу оңай шаруа емес. 
Киноөндірістің жетістіктері түсірілген фильмдердің санының артуына да байланысты. 2014 жылы елімізде 347 фильм түсірілген, оның 269-ы – қысқаметражды, 77-сі – толықметражды, 202-сі – деректі және 53-і –  анимациялық фильмдер.Фильмдер тек Алматыда ғана түсіріл­мейтіндігін ерекше атап өту қажет. 2014 жылы Алматыда 245 фильм түсірілсе, Астанада – 68, Шымкентте – 23, Шығыс Қазақстан облысында 11 фильм түсірілген. Түсіру жұмыс­тарымен 31 мекеме айна­лысқан.
Киноның қаржылық жағының көрсет­кіші де назар аударарлықтай. Егер 2002 жылы орта есеппен 69,6 киноны көру үшін көрермендер 654,3 млн теңге төлесе, 2014 жылы кинотеатр­лардың кірісі 537,8 мың көрерменнен 12,3 млрд, соның ішінде Алматыда 5,1 млрд теңгеге жеткен табыс тапқан.  
– Деректі кино фестивалін өткізу шаралары қалай қолға алынды?
– Белгілі киногер Ораз Әбішевтің 100 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтіледі. Осы төңі­ректе әртүрлі мәдени шаралардың ұйымдастырылуына белсенді түрде атсалысып жатқан ұжым арнайы бағдарлама қабылдады. О.Әбішев атындағы қор құрылды. «Тұран» уни­верситеті, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті кино факультетінде оқитын талантты студенттерге Ораз Әбішев атындағы арнайы стипендия тағайындап жатыр. Режиссердің туған жері Семейде арнаулы мектеп пен көшеге Ораз Әбішевтің есімін беру іс-шарасы да қамтылуда. Ел тарихынан сыр шертетін, арнайы деректерді негізге алған таңдамалы фильмдерінің қорын жасау жұмыс­тары да жоспарда бар. 
«Тұран» университеті О.Әбішев атын­дағы Халықаралық деректі кино фестивалін 2016 жылдың сәуір айын­да өткізуді жоспарлап отыр. Өзінің саналы ғұмырын деректі кино өнеріне арнап, оның негізін қалауға алғаш­қылардың бірі болып атсалысқан режиссердің есімін кино­фестиваль­мен байланыстырып, жыл сайын жастардың санасында жаңғыртып отыруды әділдік деп санаймын. Уни­вер­ситетте кинофестиваль жұмы­сының жаң­ғыруы кино саласы бойын­ша білім алып жатқан жаста­рымыз үшін тәжірибелік тұрғыдан мүмкіндіктерін арттыруға айтулы үлес болады.
– Ұлттық деректі кино өнерінің негізін қалаған киногердің шығар­машылық жолын қалай бағалайсыз?
– Ораз Әбішевтің әрбір туындысы бүгінгі күнде экран өнерінің баға жет­пес шежіресіне айналуымен құнды. 70-тен астам фильмі мен 300-ге жуық киножур­налы – қазақ киносының  қорына қосылған теңдессіз еңбек. Халқымыздың таңдаулы тұлғалары Абай, Қажымұқан, Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев, Мұқан Төлебаев­тардың өмір жолын зерттеп, кино­таспаға түсіріп қалдырды. Режис­сердің «Халық таланттары», «Қазақ жерінде», «Апа», «Бір хаттың ізімен», «Тарихпен тілдесу», «Абсент», «Тас­тағы таңбалар», т.б. көптеген тақы­рыптарды қамтыған деректі фильм­дері респуб­ликаның қалыптасу кезең­дерінен тап­тырмас бағалы дерек­терден хабар етеді.    
– О. Әбішев атындағы Халық­аралық деректі кино фестивалінің басты құндылығы неде?
– Үлкен жүректердің соғысын әлем естуге хақылы. Ораз Әбішевтің Қазақ­стан­ның деректі кино өнерінің дамуына қосқан еңбегі теңдессіз. Көш бастаудың жауап­кершілігін көтере білген Ораз Әбішевтей қайраткердің өнердегі ізбасарларына мүмкіндік жасау – біздің міндетіміз. Қазақстанда деректі кино өнеріне арналған кинофестиваль бірінші рет өткізілмек. Оны отандық деректі кино өнерінің негізін қалаушы Ораз Әбішевтей ұлы тұлғаның есімімен байланыстыруды жөн деп шештік. Кинофестивальді дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Жыл сайын О.Әбішев атындағы арнайы сыйлық та­ғайындалады.Талап­керлерге қажетті қосымша барлық ақпарат «Тұран» университетінің сайтында жарияланатын болады. 
Кинофестивальдің басты құн­дылығы мен мақсаты – қазақ деректі кино өнерінің дамуына үлес қосу, талантты жастардың шығармашы­лығына қолдау көрсету және олардың әлемдік өнер кеңістігіне батыл түрде қадам жасауына мүмкіндік жасау.  
– Қазақстанда өнер саласына арнайы мамандар даярлайтын бірнеше жоғары оқу орны бар. «Тұран» уни­верситетінің кино мамандарын даяр­лаудағы өзіндік ұстанымы қандай?
– Мақсат – еркін ой иелерін білім алаңына топтастыру. Таңдаулылардың талабын жігерлендіру. Ертеңіне сенімді жастарға жауапкершілік арту. Шығарма­шылықтың шыңын бағын­дыруға қауқарлы таланттарды іріктеу. Жетістікке жетудің кілтін табуды үйрету. Өндіріске шеберлігін шыңдап, білімін жетілдіру. Шәкірттерді тәр­биелеуде осы ұстанымдарға басым­дық береміз. 
– Кино өнері саласы бойынша оқу-ісі бағыты қандай көрсеткіштерге ие?
– Университетімізде «Кино және теле­визия академиясы» факультеті бар. Кино саласы бойынша «Режис­сура», «Опера­торлық өнер» маман­дықтарын оқытамыз. Келешекте қосымша мамандықтар ашу да жос­парымызда бар. Оқытушылар құ­рамына өз саласы бойынша айтулы жетіс­тікке жеткен, тәжірибесі мол мамандар ғана жасақталған. Сту­денттеріміз тұрақты түрде ВГИК және Нью-Йорк киноака­демиясынан ресми келісімшарттың негізінде арнайы шеберлігін шыңдау курс­тарынан өтіп тұрады. Шәкірт­те­рі­міздің қоғамдық мәдени іс-шараларға белсенді түрде атсалысуын қадағалап отырамыз. Университетте студент­тердің шығарма­шылықпен еркін айналысуына барлық мүмкіндік жасалған. Халықаралық деңгейдегі кинофестиваль жұмысын ұйымдас­тырып, оның аясындағы іс-шара­лар­ды жоғары деңгейде өткізуге уни­верситетіміздің жабдық­талу қауқары да жеткілікті. Өнердегі талантты жастарды қолдап, олардың әлемдік кеңістіктегі өнер бәсекесіне батыл қадам жасауына барлық жағдай жасау университетіміздің міндеті.

 

Сұхбаттасқан Гүлзат КӨБЕК, 
кинотанушы

Деректер Айқын газетінен алынған  http://aikyn.kz

 

 

Вернуться на уровень выше просмотров: 754