• Заседание правления 24.01.2014

  • Южно-Казахстанский университет
    имени Ауэзова

Хаттама

Алматы қаласы  13-желтоқсан 2012 жыл

 

Өткен жері: Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының мәжіліс залы

Ғылыми-тәжірибелік конференцияғақатысқандар: мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығы, Қазақстан жазушылар одағы, қоғамдық-саяси ұйымдар, белгілі тарихшылар, жас ғалымдар, кітапхана қызметкерлері және БАҚ өкілдері

Шақырылғандар ─ 125

Барлық қатысушылар – 125

Қарастырған мәселелер:

1.     Ұлт тарихына тереңірек үңілу

2.     Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан көтеріліс тарихы бүгінгі күнде өз бағасын жоғары деңгейде бағаланып отыр ма?

3.     Қазақ көтерілістерінің рөлі мен маңызына баға беру

4.     Қазақ даласында орын алған қозғалыстардың тарихын айтып, саяси астарына үңілу

5.     1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің себеп-салдары

6.     Халқымызға тәуелсіздік қандай жолмен келді?

7.     Тәуелсіздік жолында құрбан болған ер жүрек батырлар мәңгі ел есінде сақталады

8.     Шет елде өмір сүретін қазақтардың жай-күйі Қазақстан азаматары үшін маңызды мәселе

9.      Қазақ тарихының зерттелу деңгейі қандай дәрежеде?

10.   Көтеріліс, ұлт-азаттық немесе азаматтық соғыстардың айырмашылығы мен ұқсастығы

Жиналысты алғы сөзбен Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының Президенті, конференция модераторы Р. А. Алшанов ашты. Рахман Алшанұлы өз сөзінде қазақ даласында болып өткен ірі көтерілістерге тоқталды. Азаттық үшін шайқасқан көтеріліс қолбасшыларының ерен ерліктерін атап өтті. Оның ішінде үш жүз қазақтың басын қосқан ірі көтерілістердің саяси маңызы мен себеп-салдарын кеңінен талқыға салуға шықырды конференцияға қатысушыларды.

Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында айтылған пікірлер:

Рахман Алшанұлы,

Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының Президенті, конференция модераторы:

        – Тарихымызды түгендеуге ұмтылған мұндай жиын елімізде осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Былтыр ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығының ұйытқы болуымен Алматыда «Қазақ көтерілістері және азаттық мұраты» тақырыбында республикалық ғылыми конференция өткізілген болатын. Сол конференцияда талқыланған мәселелердің желісі бойынша «Қазақ көтерілістері және азаттық мұраты» атты жинақ та әзірленіп, басылып шыққан. Айтылған ойлар, ортаға салған дерек пен дәйек ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды» жоюға қызмет етсе, тарихи сананы оң қалыптастыруға септігін тигізсе, оқу-тәрбие үдерістерінде қолданым тапса, ұлттық тарих ғылымының бүгінгі жаһандану мен бәсеке үдесінен шыққаны деп білеміз. 

         Осы орайда, биылғы жиынның да материалдары да алдағы уақытта арнайы жинаққа топтасырылатындығын атап өткім келеді. Бұған қоса ҚР жоғары оқу орындарының қауымдастығы атынан қазақ көтерілістері тарихын тереңірек зерттегісі келетін ізденуші жастар мен үлкен ғалымдарға тиісті қаржы бөліп, ғылыми еңбегін кітап етіп шығарып беруге дайын екендігімізді жеткізгім келеді.

             

Кенжехан Матыжанов,

 «Нұр-Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

         – Қазақ тарихындағы ұлт-азаттық қозғалыстарды, көтерлістер мен оқиғаларды  саралау, ғылыми қалыпқа салу және жұртшылық арасында оған қатысты қандай да бір сұрақ тумайтындай оларға қатысты бір тоқтамға, пікірге  келудің уақыты келді.  Ғалымдардың, ақын-жазушылардың арасында ұлт-азаттық қозғалысы жөнінде көптеген пікірлер бар. Мәселен, Кеңес өкіметінің кезінде кейбір мәліметтерге қарағанда қазақ даласында 300-ден астам көтеріліс болған. Оған дейін және одан кейін қанша көтеріліс болды  және оған біз қандай баға беріп жүрміз? Қазір пайдаланылып жүрген «азаттық қозғалысы», «көтеріліс», «оқиға» деген  түрлі терминдерге  қандай ұғымды енгіземіз? Оқиғаны көтеріліс деп атайтын болсақ, оның қандай белгілері болу керек. Қалай болған күнде де, бүгінгі Тәуелсіздікке қол жеткізіп отырған тұста, ұлт тарихына қайтадан тереңірек үңілу қажет. Бұл ретте мемлекет қолға алып отырған рухани жобалар аясында атқарылып жатқан үлкен істерге тарихшы ғалымдар, ұстаздар, қаламгерлер мен жалпы зиялы қауым жұмылуы керек.

 

Нұрлан Оразалин,

Қазақстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

        – Ұлтымыздың маңдайын жарқыратып, абыройын асырған Тәуелсіздігіміздің арқасында біз жоғалып, ұмыт бола бастаған қаншама салт-дәстүрлеріміз бен құнды мұраларымызды, тарихымыздың беттерінен қасақана өшірілген қаншама құнды деректерімізді қайта тірілттік. Дегенмен, әлі де болса атқарар іс-шаралар жетерлік. Бүгінгі конференциямыз – ұлтымызды азаттық атты ұлы идея төңірегінде жұмылдырған қаралы тарихымыздың қатпарларына үңіліп, халқымызға Тәуелсіздіктің қандай қанды жолдармен келгендігін ұлттық сана сүзгісінен өткізуге деген талпынысымыздың бір көрінісі.

        Бүгінгі жиында да бұрын-соңды беймәлім болып келген, көмескі тарта бастаған  тарихи деректер мен құжаттардың табылып жатқандығына көзімізді жеткіздік. Енді осы құнды деректерімізді сараптап, ғылыми айналымға түсіруіміз қажет.

 

Қамбар Атабаев,

тарихшы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

         – Ұлт тарихында азаттық рухын көксеген осындай қанды көтерілістер мен ереуілдердің соңғысы – бүгінгі тәуелсіздігімізге қол жеткізуге бірден-бір себеп болған ызғарлы Желтоқсан көтерілісі екендігі ақиқат. Біз ең алдымен қазақ тарихында таңбаланып қалған осындай елеулі оқиғалардың ара-жігін ажыратып алуымыз қажет. Мәселен, Кенесары Қасымұлының 10 жыл бойына жүргізген күресін қалайша көтеріліс деп атаймыз? Мұның ауқымы көтерілістен анағұрлым ауыр, тіпті ұлт-азаттық немесе азаматтық соғыс деуге де келетіндей. Бұл тақырыпқа жан-жақты талдау жасап, терең зерттеулер жүргізу үшін тың көзқарас қалыптастыру керек. Мысалы, көтеріліс», «оқиға», «ереуіл», «азаттық қозғалыс», «қозғалыс», «баскөтеру» деп келетін осындай терминдердің бір-бірінен айырмашылығы неде, ауқымы, өзіндік белгілері қандай? Сондықтан да бұл конференция осы төңіректегі мәселелерді саралап, оларды ортақ бір қалыпқа келтіруге мүмкіндік бермек. Бұл ретті тарих инситуттары, ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындары бірлесіп жұмыстар атқаруға тиіс. Сонымен қатар қазақ көтерілістері тарихын зерттеуде, арғы бергі архивтермен жұмыс істеу барысында мемлекеттің тікелей қолдауы қажет.      

 

         Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан көтеріліс тарихы бүгінгі күнде өз бағасын жоғары деңгейде бағаланып отыр ма? Өткенді естен шығармай, әркезде жадымыздан шығармау үшін неңдей іс-шаралар атқарылып келеді? Осы сұрақтар төңірегінде өз пікірлері мен ойларын ортаға салған тарих майталмандары мен зерттеуші ғалым мен профессорлар өз ұсыныстарын білдірді.

Дөңгелек үстелде Алматы қаласы әкімінің орынбасары – Серік Тұрарұлы, Кенжехан Ісләмжанұлы – «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, жазушылар одағының төрағасы – Нұрлан Оразалин, белгілі жазушы – Смағұл Елубай, ақын, желтоқсан оқиғасына қатысушы  – Аманғазы Кәрібжан қатысты.

Тәуелсіз ел болғалы бірде-бір көтеріліске арнайы статус берілмегендігі айтылды. Сонымен қатар, бүгінгі күнде желтоқсаншылар туралы көп айтылмайтындығын тілге тиек етті жиналған қауым. Қазақтың кең байтақ жері кезінде ядорлық сынақ полигонына айналғаны белгілі. Осыған байланысты, бұл қанды оқиғалар енді қайталанбау үшін халықтың бірлігі мен татулығы билікпен берік болу қажет.

Өткен күнгі тарихты білмей болашаққа сеніммен қарау әсте мүмкін емес. Сондықтан да, мықты ел боламыз деген халық өз тарихын, оның ішінде қазақ жерінде орын алған көтерілістер мен азаттық жолында құрбан болған батыр қолбасшыларды есте сақтау керек. Осыған орай, қазақ көтерілістерін зерттеп саралайтын арнайы орталықтың құрылатыны туралы келелі ұсыныс тасталды ортаға. Бұл бастама дөңгелек үстелге қатысушылардың тарапынан  қолдау тауып жаңа қазақ көтерілістерін және тарихын зерттейтін орталықтың ашылуына негіз болды.

Ұлт тарихында орын алған қанды қырғындар жайын қозғап, өткенге тың көзқараспен қарауға үңілуге шақырған бұл жиында ғалымдарымыз салмақты баяндамалар жасап, тақырыпқа орай пікір таластырды. Жиынға қатысушылар өткеннің сабақтарын жас ұрпаққа жеткізу мақсатында, төл тарихымызға баса мән беру керектігіне тоқталды.

         Конференцияда қазақтың ұлт-азаттық көтерілістері тарихын зерттеп-зерделеп жүрген елімізде белгілі тарих ғалымдары мен профессорлар: Қамбар Атабаев – ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Жетпісбай Нұржан Ықсанұлы –  Ш. Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының, Сағатбек Медеубекұлы – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, өлкетанушы-ғалым, Жұмабай Құлиев – ақын, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты,   Болатбек Нәсенов –  Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік  университетінің құрметті профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты, тарих ғылымдарының докторы,Оразов Рашид – Ш. Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми  қызметкері, Гүлбаһрам Жүніс – «Республикалық желтоқсан  86 – тәуелсіздік қырандары –халық қаһармандары» қозғалысының төрайымы т. б. сынды ғалымдар мен қаламгерлер бірнен соң бірі терең талдауларға негізделген баяндамалар жасады. Конференция барысында тарихта орын алған негізгі оқиғаларға шолу жасалынып, ғалымдар тарапынан аталған тақырыпты зерттеп-зерделеуге қатысты нақты ұсыныс-пікірлер айтылды.

         Баяндамаларды талқылау барысында сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, жазушылар Смағұл Елубай, Ахметжан Ашири, Қазақстандағы саяси құғын сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы сынды белгілі тұлғалар алаш жұртының азаттық жолындағы күрестерінің маңыздылығына тоқталып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

         Конференцияда өткен қазақ жеріндегі жаппай қуғын-сүргін мен аштық пен тың игеру сынды қазақ тарихын басқа арнаға бұрып жіберген зобалаңдар мен Сырым Датұлы көтерілісі, Қарақара көтерілісі, Адай көтерілісі, Созақ көтерілісі, Бетпақдала көтерілісі, Кеңгір көтерілісі, Абыралы көтерілісі мен Тәуелсіздікті жақындатқан Желтоқсан көтерілісі жайында кеңінен сөз болып, осы төңіректерде қордаланған мәселелерге ғылыми талдаулар жасалынды.

         Бұл ретте конференция қорытындысы ретінде жиынға қатысушы ғалымдар қазақ көтерілістерінің тарихын зерттеп, оның тарихи сабақтарын кейінгі ұрпаққа жеткізуге байланысты ел Үкіметі мен  еліміздің білім және ғылым министрлігіне бірқатар нақты ұсыныстар  жолдайтындықтарын атап өтті.

         Жалпы, жиында айтылған ойлардан түйгеніміздей, бүгінде өткен тарихымызға таза ғылыми тұрғыда сараптама жүргізу жағы кемшін, тарихшы ғалымдардың арасында да айтарлықтай пікрлер алшақтығы бар. Бұған қоса кешегі отаршыларға қарсы соғыстар мен Алаш қозғалысының тарихы, қала берді Желтоқсан  ұлт-азаттық көтерілісінің де тарихи ғылыми тұрғыда толыққанды зерделене қоймаған. Әрине, тарихты ақтару үшін ұзақ уақыт керек. Дегенмен, жиынға қатысушылардың айтуынша, егерде мемлекет тарапынан осы мәселелерге барынша көңіл мен тиісті қаржы бөлінсе арғы-бергі мұрағаттардағы деректерді жинақтап, үлкен зерттеулерге жол ашуға мүмкіндіктер жасалынбақ.

 

Қазақстан Республикасы

жоғары оқу орындары

 қауымдастығының

Президенті  Р. А. Алшанов