Жекеменшік жоғары оқу орындарының жиналысы өтті

20 наурыз 2012

Елбасы жыл сайын өз жолдауында студент жастар арасында тәрбие жұмысын жетілдіру аса маңызды екенін атап өтеді. Себебі, «тәрбиесіз алған білім қатерлі» деп бағзы заманда Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың айтқан сөзі әлі де өз мағынасын жойған жоқ. Қазіргі таңда жастардың түрлі экстримистік, басқа да қауіпті топтардың құрығына түсіп, солардың қолшоқпарларына айналып жүрген мысалдар аз емес. Бұл оқу ордаларында білім берумен қатар тәрбие жұмыстарына да баса назар аудару керектігін аңғартады.

Бүгінде біздің елде 50 пайыздан астам студенттер жекеменшік жоғары оқу орындарында тәлім алып жүр. Олардың тәрбиелі, саналы, алға қойған мақсаттарына айқын жете алатындай қасиеттерге баулып өсіру кез келген жоғары оқу орнының басты мақсаттарының бірі болу керек. Осыған орай, 14 наурызда Алматы қаласы «Ғылым Ордасының» кіші конференция залында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің нұсқауы бойынша жекеменшік  Жоғары оқу орындарының жиналысы өтті.

Аталған жиынға Қазақстан республикасы Білім және ғылым вице-министрі профессор Орынханов М. К және еліміздің 85 жекеменшік оқу орындарының ректорлары мен тәрбие ісі жөніндегі проректорлары қатысты. Вице-министр өз сөзінде жоғары оқу орындарында сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру мақсатында бірқатар істердің атқарылып жүргенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, республикамыздың әр түкпірінен жиналған жекеменшік жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.

Жиналыста сөз сөйлегендердің қатарында Жоғары оқу орындары қауымдастығының Президенті Рахман Алшанов, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Әділ Жүнісов, Алматы гуманитарлы-техникалық университеттің ректоры, профессор Дина Жүсіпәлиева болды. Сонымен қатар, «Тұран» университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры С. Байкенова, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының тәрбие ісі жөніндегі проректоры А. Қосаева, Евразия академиясының ректоры Ж. Даухарин, Шымкент әлеуметтік педагогикалық университетінің ректоры Т.Ниязов сөз алды.

 Отырыста күн тәртібінде қаралған екінші мәселе бойынша сөз алып сөйлегендердің қатарында: Еуразия нарық институтының ректоры А. Нұрсейіт,   Халықаралық бизнес академиясының ғылым және даму жөніндегі проректоры А. Қанағатова,  Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің ректоры С. Исмуратов, «Сымбат» сән Академиясының ректоры С. Асанова, «Тұран-Астана» университетінің ректоры Г. Жапарова болды. Өздері қызмет жасап жүрген білім мекемелеріндегі жастар тәрбиесін  жетілдіру мақсатында атқарылып жүрген іс-шараларын сөз етіп, болашақта аталған мәселеге байланысты өз жоспарларын ұсынды.      

Сонымен қатар, жеке меншік жоғары оқу орындарының тәрбие ісі жөніндегі жұмыстары мен жетістіктері жөнінде көрме ұйымдастырылды. 

Жиналыс туралы толық ақпаратты баспасөз орталығынан оқи аласыздар!

Ілгері Көрушілер саны: 357