Ұялы телефон, «шпаргалка» қолдану мүмкін болмайды
ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларын бекіту туралы «Білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды мемлекеттік аттестаттау жүргізудің үлгі ережесін бекіту туралы» 2008 жылғы 18 наурыздағы №125 бұйрығына сәйкес өзгеріс енгізу туралы» бұйрығымен бекітілген қағидаларға өзгерістер енгізілген.
Демек, енді бұдан былай ҰБТ кезінде көзалдаушылық жасап, жасырын ұялы телефон қолдануға не «шпаргалка» қолдануға еш мүмкіндік қалмайды. Яғни әр оқушының білімі әділ әрі нақты бағаланады. Біз осы өзгерістер туралы аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімі бастығының міндетін атқарушы Қ. Сейдахметовадан сұраған едік.
ҰБТ-ны өткізу кезінде металл іздегіштер, ұялы байланыс телефондарының дыбысын тұншықтыратын және бейне бақылау құралдарын пайдалану көрсетілген. Аудитория кезекшілері осы жылға дейін аудан мектептеріндегі жеке пәннен басқа педагог қызметкерлер болған болса, биылғы жылы аудитория кезекшілері Ұлттық тестілеу орталығы арқылы жіберіледі, аудитория сайын министрлік өкілі тағайындалады. Жоғарыда көрсетілген бұйрыққа қосымша нысандар берілген, оның ішінде тестілеу басталғанға дейін аудиторияны тексеру актісі (2-қосымша), Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу ережесі бойынша тыйым салынған заттардың аудиториядан табылғандығы немесе табылмағандығы туралы. Аудиторияда тыйым салынған заттың тәркіленуі және тәртіп сақтау ережесін бұзған мектеп бітірушіні аудиториядан шығару туралы акт (10-қосымша). Тестілеуге берілген уақыт аяқталған кезде бітіруші емтихан материалдарын тапсырудан бас тартқан фактіні тіркеу туралы акт (11-қосымша), берілген 3,5 сағаттан (210 минут) кейін жауап парағы тапсырылуы керек, жауап парағын толтырып үлгермеген жағдайда емтихан материалдары алынып, аудиториядан шығару және бітірушінің емтихан материалдарын жою актісі жасақталады. Алдыңғы жылдары бұл акт нысаны болған жоқ. Мектеп бітірушілер емтиханға дайындалған мезгілде ҰБТ-ның уақытымен жұмыс жасап үйренуі керек. 2012 жылы өтетін ҰБТ-да бітірушіні аудиториядан шығару, оның емтихан материалдарын жою министрлік өкілінің құқығында. Осы жылға дейін бұл мәселелердің жауапкершілігі мемлекеттік комиссия төрағасында болды. ҰБТ-ның тәртіп ережесін бұзған бітіруші мектебінен емтихан тапсырады, ағымдағы жылы жоғары оқу орнына түсу құқығынан айырылады.
ҰБТ-лау 5 пәннен өткізіледі: қазақ немесе орыс тілі (оқыту тілі), математика, Қазақстан тарихы, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі және қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі және таңдаған мамандыққа байланысты таңдау пәнінің біреуі. Арнайы немесе шығармашылық дайындықты талап ететін шығармашылық мамандықтарына түсуші бітірушілер үшін таңдау пәні – ерікті.
Тағы бір жаңалық: ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 27 ақпандағы №261 «Білім алушыларды қорытынды аттестаттаудың кейбір мәселелері туралы» қаулысы негізінде дәлелді себептермен (оның құжаттары болуы керек) бітіруші ҰБТ-ға қатыса алмаған жағдайда мемлекеттік бітіру емтиханы түрінде өтеді және оқуын бітіретін жылы орта білімнен кейінгі немесе жоғары оқу орындарына кешенді тестілеу арқылы түсе алады.
Жоғары оқу орындарына түсу конкурстық шектеулі деңгей – 50 балл, ұлттық жоғары оқу орындарына түсушілер 70 балдан төмен жинамауы керек.
ҰБТ-ға қатысуға өтініштерді қабылдау мерзімі – 10 наурыздан 25 сәуірге дейін.
2012 жылы ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу туралы қағидалармен таныстыру, талқылау бойынша аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің тарапынан кесте жасақталып, барлық жалпы орта білім беретін мектептерде бөлім басшыларының, қызметкерлерінің, ата-аналардың, ұстаздардың, түлектердің қатысуымен семинарлар наурыз-сәуір айларында өткізілді. Ұлттық тестілеу орталығынан берілген «Мектеп бітірушінің жадынамасы», «Ата-аналар жадынамасы» білім беру ұйымдарына таратылды, жадынамаларда ҰБТ-ны өткізу тәртібі толық көрсетілген.
BAQ.KZ




